Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Бірқатар ауыс-түйіс орын алды

Қостанай облысының әкімі оңтүстік аудандарға іссапармен барып, бірқатар ауданның әкімдерін тағайындады. Ол өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында «қалалар мен аудандар мәслихаттарының депутаттарымен келісе отырып, менің өкіміммен кадрлық өзгерістер орын алды» деп жазды.

            Мәселен, ауырзым ауданында аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жергілікті активке жаңа әкімді Әбішев Қайратты таныстырды.

            Әбішев Қайрат 1969 жылы Семиозер ауданы Тимофеевка ауылында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар: 1992 жылы Қостанай ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша, 2015 жылы Алматы Экономика және статистика академиясын экономика және бизнес мамандығы бойынша бітірген.

            Еңбек жолын Науырзым ауданы «Қара-құрай» бригадасының агрономы болып бастаған, сондай-ақ Әулиекөл ауданы әкімінің орынбасары, Ұзынкөл ауданы және Арқалық қаласының әкімі лауазымдарын атқарған.

            Бұдан соң өңір басшысы Амангелді ауданында аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша жергілікті активке жаңа әкімді Карбозов Талғат Тойшыбекұлын таныстырды.

            Талғат Карбозов 1970 жылы Амангелді ауданының Қабырға ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1988 жылы Торғай совхоз техникумын «ауыл шаруашылығының бухгалтері» мамандығы бойынша және 2004 жылы Қостанай әлеуметтік академиясын «қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген.

            Еңбек жолын 1988 жылы Амангелді ауданы Н. Крупская атындағы совхоздың №1 бөлімшесінің бухгалтері болып бастаған, 1988-1990 жылдары Совет Армиясы қатарында қызметте болған, запастағы кіші сержант. Әскери борышын өтегеннен кейін, 1991-1994 жылдары Н.Крупская атындағы совхоздың №2 бөлімшесінің бухгалтері, 1994-1996 жылдары Н.Крупская атындағы совхоздың бас бухгалтерінің орынбасары, 1996-1998 жылдары Аманкелді ауданының Н.Крупская атындағы мектебінің бухгалтер-кассирі болып қызмет атқарған. 2000-2007 жылдары аралығында Амангелді ауданы бойынша салық комитетінде аудит бөлімінің маманы, ұйымдастыру бөлімінің бас маманы, ұйымдастыру және есеп бөлімінің меңгерушісі, аудит және мәжбүрлеп өндіру бөлімінің меңгерушісі лауазымдарында қызмет істеді. 2007-2012 жылдары Амангелді ауданының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы, 2012 жылдың қазан айынан бастап Амангелді ауданы әкімінің орынбасары, 2018 жылы Наурызым ауданының әкімі қызметін атқарған.

            Арқалық қаласына арнайы жұмыс сапармен келген облыс басшысы Архимед Мұхамбетов қала активіне жаңа әкімді таныстырды. Арқалық қалалық мәслихаты депутаттарының келісімі бойынша қала әкімі болып Әмірхан Біркенұлы Асанов тағайындалды. Ал, қаламызды бұған дейін басқарған Қайрат Әбішев Науырзым ауданына әкім болып ауысты.

            Әмірхан Асанов 1969 жылы Науырзым ауданы, Науырзым селосында дүниеге келген. Қостанай бизнес және басқару институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит», З. Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Науырзым ауданы, «Наурузумский» совхозында жұмысшылықтан бастап, Ревизор – штаттар инспекторы, Науырзым аудандық қаржы бөлімінің аға экономисті, Бас бақылаушы — Қазақстан Республикасы бойынша Қостанай облысының Науырзым аудандық бөлімшесінің мемлекеттік қаржылық бақылау Комитеті Басқармасының тексерушісі, Науырзым ауданы, МП «Мұрагер» бас есепші, Науырзым ауданы, Салық инспекторы, Жеке тұлғаларға салық салу бөлімінің бас маманы, аудит бойынша Салық комитетінің Науырзым ауданының бөлім бастығы, Науырзым ауданы әкімінің экономикалық мәселелері бойынша орынбасары, Сарыкөл ауданы әкімінің қаржы және әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары, Қостанай облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі , Қостанай облысы бойынша Тексеру комиссиясының Төрағасы қызметтерін атқарып, 2018 жылдың шілде айынан қазірге дейін Амангелді ауданының әкімі болды.

            Активте сөз алған экс әкім Қайрат Тынымбайұлы осы кезге дейін ауызбіршілікте жұмыс атқарысқан арқалықтықтарға рахметін айтса, Әмірхан Біркенұлы өзіне сенім білдіріп, қала тізгінін ұстатқан облыс басшысына алғысын білдіріп, бар күш –жігері мен жиған тәжірибесін Арқалықтың алға басуы жолында жұмсайтынын жеткізді. Аймақ басшысы Архимед Бегежанұлы да өз кезегінде Әмірхан Асановтың Амангелді ауданында ауыз толтырып айтарлықтай іс атқарғанын тілге тиек етіп, жаңа қызметінде де нәтижелі жұмыс жасарына сенім білдірді.

            Сондай ақ, қала басшылығына пандемиямен күресті бәсеңдетпеуді тапсырып, бұл жолда тұрғындарды вакцинациялаудың аса маңызды екенін еске салды. Актив соңында жаңа жылу орталығының құрылысы жүріп жатқан орынға ат басын бұрып, жұмыс барысын пысықтап, құрылысты уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

            Сондай-ақ, Жітіқара ауданының әкімі Утегенов Нұржан Қайыржанұлы, Қарабалық ауданының әкімі Халықов Руслан Болатұлы, Лисакоы қаласының әкімі болып Ыбыраев Абай Сәрсенбайұлы тағайындалды.

            Архимед Мұхамбетов жұмыс сапары аясында Арқалық қаласының жылумен жабдықтау жүйесін қайта құру барысын тексерді.

            Өңір басшысы осы жобаның мердігерлерімен және инвесторларымен кеңес өткізді.

Іске асырылып жатқан жоба 2019 жылы басталды, ол Арқалық ЖЭО-ны мазуттан көмірге ауыстыруды қамтамасыз етеді. Нысанды ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

            Қазіргі уақытта бас корпустың металл құрылымдарын, су жылыту қазандықтарына арналған желілерін, екі циклон мен екі ауа жылытқышты монтаждау бойынша жұмыстар жүргізілді, сондай-ақ негізгі екі су жылыту қазандығының конвективті бөліктері және басқалары орнатылды.

            Нысан пайдалануға берілгеннен кейін Арқалық ЖЭО көмірмен жұмыс істей бастайды, ол үшін облыстық бюджеттен 48 030 тонна көмір сатып алуға 500,0 млн.теңге бөлінді. Бұдан басқа, ағымдағы жылы Арқалық ЖЭО-да түтін құбырын қайта жаңарту жоспарланған.

            Сапар қорытындысы бойынша өңір басшысы жоспарланған жұмыстарды сапалы және көрсетілген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Маржан АЛПЫС