Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 621, 54-81-20, 54-08-30 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тұрғындар Тобыл бойын тазартты

Қостанай облысында сәуір айында басталған «Таза Қазақстан» және «Таза жағалау» сенбілік шаралары аясында өңірдегі елді мекендердің айналасындағы жүздеген гектар алқап қоқыстан тазартылды. Бүкіл облыс аумағын қамтыған экологиялық акцияға түрлі өндірістік кәсіпорындардың жұмысшылары, мемлекеттік қызметшілер, оқу мекемелерінің ұжымдары мен ерікті жастар атсалысып жатыр.

Сенбілік барысында облыс орталығының өзінен ғана 300 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Тобыл өзенінің жағалауы, сондай-ақ қаланың шетіндегі жеке тұрғын үйлердің маңындағы ашық алаңқайлар қоқыс үйінділерінен тазартылып, орнына ағаш көшеттері отырғызылды. Тазалық акциясын ұйымдастырушылардың айтуынша, қоқыстан аршылған алаңқайларға мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылған.

– Биыл жалпықалалық сенбілікті ертерек бастап кеттік. Тазалық науқанына Қостанай қаласының өзінен 1,5 мың адам жұмылдырылып отыр. Бұған мердігер мекемелердің қосқан үлесі зор екенін атап өту керек. Орташа есеппен өлшеп көрсек, әр шаршы метрден үш кило қоқыс шығарыппыз. Мұндай экологиялық сенбіліктер екі ай бойы жалғасатын болады, – деді қала әкімінің орынбасары Саят Шаймұрынов.

Қоршаған ортаны тазарту, көгалдандыру жұмыстары Лисаков қаласында да жүріп жатыр. Шағын шаһарда биылғы көктемде бір жарым мыңға дейін тал егіледі. Қала тұрғындары өткен сенбіліктің өзінде 1200 түп терек, қайың, қарағай көшеттерін отырғызды. Сондай-ақ мекемелер мен мектеп жанындағы алаңқайлар көгалдандырылып, қалаға кіре беріс жолдардың шетіне және мешіт жанындағы Краснооктябрь боксит кеніші басқармасы салған үйдің алдына тал егілді. Шаһар басшысы Алмат Исмағұловтың айтуынша, қаланы абаттандыру шараларына жастар ресурстық орталығы мен мемлекеттік органдардың өкілдері, мешіт қызметкерлері, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен жергілікті Лисаков техникалық колледжінің еріктілері қатысқан.

Ал Арқалықта қала ішін абаттандыруға қатысқан жастарға кәдімгідей ақша төленеді. Қаладағы 16 мен 29 жас аралығындағы жастар «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасына тіркелген соң, қысқамерзімді маусымдық жұмыстарға тартылады. Бастысы, белсенді жастарға 40500 теңге көлемінде айлық төленеді. Мемлекеттік бағдарламаны қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің тапсырысы бойынша «Жастар азаматтық бастамалары» орталығы жүзеге асырады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 12 млн теңге бөлінген. Сәуір айынан қыркүйек айына дейін жалғасатын тазалық науқанына 120 белсенді жас тартылып отыр.

Орталық мамандарының сөзінше, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында Арқалықта жалпы ауқымы 5 мың шаршы метр болатын алаңқайларға ағаш көшеттері мен гүлзарлар отырғызылмақ. Оларды күтіп-баптау жағы да «Жасыл ел» жастарына жүктеліп отыр. Бағдарлама бойынша қалалық әкімдік ғимаратының аумағын, барлық саябақтар мен алаңдарды көгалдандыру, сондай-ақ қала іргесіндегі судың жағасын ретке келтіру жоспарланған. Таяуда 20 жасылелдік бастаған жастардың алғашқы легі қаланы абаттандыру жұмыстарын бастап кетті.