Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ораза айт құтты болсын!

Бүгін жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі — Ораза айт мейрамы. Бұл күні бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады.

Мұсылмандар Оразамен қоштасып, Жаратушыға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі Рамазан айына да есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етеді. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Ораза айт 624 жылдан бері аталып келеді.

Айттың мән-мағынасына келсек, Айт – қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны немесе мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді екен. Ораза айт мейрамы үш күн бойы тойланады. Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен бас­талады.

 Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында шелпек, бауырсақ пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәні де, салтанаты да ерекше мерекелік дастарқан жайылып, қонақтар шақырылады. Сонымен қатар, жағдайы төмен адамдарға жәрдем көрсетіліп, олар да мейрамнан тыс қалдырылмайды. Бұл күндері туған-туыстар бір жерге жиналып немесе зират басына барып өмірден озған жақындарының әруағына бағыштап құран оқиды. Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі жалпы бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Өйткені Рамазан — береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке болып саналады.

 Арада қаншама ғасыр өтсе де, бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше жыл өткен сайын артып келеді. Бұл мейрамның әдеттегілерден негізгі еркшеліктері — адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады.

ҚМДБ-ның хабарлауынша, биыл Қостанай қаласында айт намазы таңғы сағат 7:30-да оқылады. Жергілікті бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес өңірлерді мешіттердің аулаларында Ораза айт намазы оқылады. Бірақ тазалық талаптарын сақтаған жөн.

Ең бастысы мешітке келуші мұсылман жамағатын төмендегі сақтық шараларға мән беру керек:

            — Бетперде (маска) киіп келу;

            — Үйден дәрет алып келу;

            — Намаздан соң қол беріп амандаспау;

            — Намаздан кейін көп кідірмей үйге қайту;

            — Жамағатпен оқылатын намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеу;
            — Науқастар мен әйелдердің айт намазына қатыспағаны абзал.

            Барша мұсылман қауымын осы жағдайларға түсіністікпен қарауға шақырамыз. Жұқпалы індетті таратпау үшін әр азамат өзінің отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, санитарлық талаптар мен мешіт тәртібіне бағынуы қажет.

Бақыт ТҰРАШ, сурет редакция архивінен алынды.