Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 621, 54-81-20, 54-08-30 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ақынның асқақ абыройы

Қостанай облысында белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республиканың мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, Махмұт Қашқари атындағы сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың және «Алтын қалам» сыйлығының лауреаты Ақылбек Шаяхметтің 70 жасына орайы мерейтойлық шаралар өтті.

Жетпіске толып, Қостанай облысының құрметті азаматы атанған қаламгерге ел-жұрты лайықты құрмет көрсетті.

Ақынды Жітіқара ауданының әкімі Нұржан Өтегенов бастаған аудан жұрты күтіп алды. Ақылбек Қожаұлы алдымен өзі білім алған Мұса Шожанов атындағы №2 жалпы білім беретін мектептің оқушыларымен және ұжымымен кездесті. Ақылбек Қожаұлы оқушыларға өзінің еңбек жолы туралы айтып, шығармаларынан үзінділер оқыды. Жиын соңында балалардың сұрақтарына жауап берді.

Айта кетейік, Жітіқарадағы кездесулер «Рахмет саған, туған ел!» және «Тәуелсіздік тарландары» жобасының аясында ұйымдастырылды. Жоба шеңберінде туған жерінен түлеп ұшқан табысты тұлғаларға құрмет көрсетіліп, тоқсан бойы қоғамдық-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Жітіқаралықтардың таңдауы Ақылбек Шаяхметке түскені бекер емес. Мұны ақын кездесуіне келген аудан ақсақалдары айтты.

Кейін аудан орталығындағы мәдениет сарайында мерейтой иесіне арналған «Ақын – елдің ардағы» атты шығармашылық кеші өтті. Ақылбек Шаяхметтің пьесаларынан үзінділер көрсетіліп, оның сөзіне жазылған әндер орындалды. Аудан әкімі Нұржан Қайыржанұлы Ақылбек Шаяхметтің қайраткерлігі, қазақ поэзиясындағы орны туралы сөз етті. Осы кеште аудан басшысы ақынға шапан жауып, «Жітіқара ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісін тапсырды.

Негізі Ақылбек Қожаұлы ауданның құрметті азаматы атағын 2016 жылдың мамыр айында алған. Алайда сол уақытта құрмет лентасы мен куәлік тапсырылған-ды. Осы жылы жеке кәсіпкерлердің ұсынысы бойынша арнайы төсбелгі шығарылды. Міне, осылайша Алаштың айтулы ақынына туған жерінде тағы бір құрмет көрсетілді. Сонымен қатар халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Қасымхан Бегманов, ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков, ақын-аудармашы Әбжан Әбілтай және басқалары өз лебіздерін білдірді.

– Ең алдымен ақынын ардақтап, құрмет жасай білген аудан әкімі Нұржан Өтегеновке алғыс айтар едім. Оның зиялылығы, жас болса да осы ауданға дейін екі ауданды басқарған іскерлігі, білімі әр сөзінен аңғарылып тұрды. Шығармашылық кеш барлық санитарлық талаптарға сай өте жоғары деңгейде, әні мен сәні жараса өткізілді. Жалпы Ақылбек Қожаұлының арқасында бұрын баспаған топырақты бастық, бұрын естімеген тарихты естідік. Еліміздің бір қиырында, шекарада жатқан қайран Жітіқара жұртымен қимай қоштастық. Көкірегімізде жазылмаған жыр, жүрегімізде айтылмаған сыр кетті. Мұндай кездесулер бұл өлкеде әлі де болары сөзсіз. Әдебиетті аялай білетін жайсаң жұрты барда ақын есімі ұмытылмайды, – деп ағынан жарылды ақын Қасымхан Бегманов.

Лев Толстой атындағы облыстық кітапханада қаламгердің шығармашылығы туралы жан-жақты сөз қозғалып, жақында жарық көрген поэзиялық «Күзгі көңіл» және прозалық «Оңашадағы оқшау ойлар» атты кітаптарының тұсаукесері өтті. Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетінде өткен қаламгердің ғалымдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Қазақстанның бірнеше өңірі мен Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан елдерінің ақындары мен ғалымдары қатысты.

Ақылбек Шаяхмет кезінде академик Рымғали Нұрғалидың жетекшілігімен «Ақындық пен шешендік өнердің типологиялық сабақтастығы (Қостанай өңірі мысалында)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, Қостанай өңірінде туып-өскен 30-дан астам би-шешеннің өмірі мен мұрасын зерттеген.

Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ғылыми-зерттеу институтының грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева ғалымның алаштануға, атақты лингвист Елдес Омарұлының мұрасын танытуға қосқан үлесі туралы баса айтты.

Ақынның атажұрты Қарабалық ауданында, журналистік қызметін бастаған Әулиекөл ауданында және кіндік қаны тамған Жітіқара ауданында щығармашылық кештері өтті. Облыс орталығындағы қазақ драма театрында драматургтің «Өкініш» атты спектаклі қойылса, Ыбырай Алтынсаринның мемориалдық музейінде «Ыбырайдың өсиеті» деп аталған пьесадан үзінді көрсетіліп, қаламгер жерілікті мәдениет қызметкерлерімен кездесті.

Қостанайдағы мың орындық «Жастар сарайында» шығармашылық кеш өтті. Қаламгерді елдің әр өңірінен белгілі қоғам қайраткерлері құттықтай келді. Әдебиет пен мәдениет кеші өлең-жырмен өрнектеліп, әуен-сазбен әсемделді. Кіреберісте ақын шығармашылығынан сыр шертетін кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кештің беташарында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов Ақылбек Шаяхметке ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті Ақылбек Қожаұлы, сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын! Әріптестеріңіз өзіңізді бүгінгі заманымыздың көкейкесті мәселелерін көтеріп, қоғам дамуына үн қосып жүрген қарымды қаламгер ретінде жақсы біледі. Туып-өскен өңіріңізде өнер мен мәдениеттің кең қанат жаюына, ана тіліміздің мәртебесінің биіктеуіне жан-жақты атсалысып жүрсіз. Қостанай мемлекеттік университетінде қызмет жасап, журналист болуға талпынған жастардың білікті мамандық иесі атануына үлес қостыңыз. Елдің бірлігін, Тәуелсіздіктің тарихи маңызын, халықтар достығын, адамзат құндылығын арқау еткен өлеңдеріңіз жырсүйер қауымның оң бағасын алып отыр. Алдағы уақытта да тартымды туындыларыңызды ұсынып, ел-жұрттың құрметіне бөлене беруіңізге тілектеспін! Сізге зор денсаулық, отбасыңызға береке тілеймін!» — делінген Мемлекет басшысының сөзінде.

Арман Тарғынұлы аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтің алғысхатын, ықылас гүлін табыстап, иығына шапан жапты. Мерейтой иесіне ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың лебіз хаты да тапсырылды. Кешке арнайы келген ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Қасымхан Бегманов, белгілі ақын, аудармашы Әбжан Әбілтай, Мәжілістің экс-депутаты, Қостанай облысының құрметті азаматы Серікбай Бисетаев және басқалары өз лебіздерін білдірді.

Ұлықбек Есдәулет Ақылбек Қожаұлының шығармашылық кешін республикалық деңгейде өткізуге атсалысуға дайын екенін жеткізді. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың құттықтауы мен сый-сияпатын ала келген меймандар – белгілі қайраткер Серік Мұқанов пен Алматы облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының бастығы Рахмет Есдәулетов да ағынан жарыла тілек айтты. Осы кештің алдында ғана Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы қазақ драма таетрында А.Шаяхметтің «Шоқанның шері» атты пьесасының премьерасы өтті.

Украинадағы қазақ диаспорасы атынан Алтынбек Мұстапаевтың, Әзербайжаннан Махмұт Қашқари атындағы халықаралық қордың өкілі, белгілі ақын Ибраһим Ильяслының құтықтаулары оқылды. Іздеймін деп тірліктің басқа амалын, Баққан жоқпын ешкімнің қас-қабағын. Беттемедім төріне Алатаудың, Қызықпадым төріне Астананың, – деп толғанған ақын Алаш арыстары туралы бірнеше пьеса, деректі хикая жазған болатын. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған, ақын сөзіне жазылған композитор Қалибек Деріпсалдиннің «Аға туралы әнін» жиналғандар сүйсіне тыңдады.

Өңірге белгілі өнерпаздар ақынның сөзіне жазылған көпшілікке танымал «Қостанай», «Ақжолтай», «Көктемгі қар» секілді әндер мен термелерді орындады. Осы уақытқа дейін ірілі-ұсақты елу кітап шығарған қаламгердің мектеп жасына дейінгі балаларға арналған оннан астам суретті кітапшасы биылғы жылы балалар әдебиеті жылына орай Нұр-Сұлтан қаласындағы «Bilim Media Group» компаниясы жарыққа шығарды. Компания өкілі Мейрамбай Нұрсәуле бұл кітаптарды да көрмеде көрсетті. Келешекте тағы да осындай кітаптар шығаруды жоспарлап отырғанын айтты. Қаламгер тойы оның туған жері Жітіқара қаласында дүркіреп өтті, Ақын қонақтарына арнайы киіз үй тігіліп, ол білім алған Мұса Шожанов атындағы қазақ мектебінде ұстаздармен және шәкірттермен кездесу болса, мәдениет үйінде ақын пьесаларынан үзінділер көрсетіліп, оның сөзіне жазылған әндер орындалды. Аудан әкімі Нұржан Өтегенов ауданның құрметті азаматы атанған ақынға шапан жауып, ат мінгізді.