Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Вакциналау қарқыны баяу

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдегі вакциналау қарқынының төмендігін сынға алды. Ол жедел штаб отырысында екпе жүргізуден көш соңында келе жатқан аудан-қалаларды атады. Оның айтуынша, Қостанай, Лисаков, Рудный және Жітіқара қалаларының тұрғындарын қамту деңгейі мардымсыз.

«Рудный, Лисаков қалалары және Жітіқара ауданы әкімдері осыған орай тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын, бүгін біз тұрғындарды вакциналау мәселесін қадағалау міндетін алған Қостанай қаласын әкімінің орынбасарына қатысты нақты шешім қабылдап, жаза қолданамыз. Бүгіннен қалмай маған осы туралы есеп беріледі. Келесі жолы жауапкершілікке орташа облыстық  көршеткіштен төмен нәтиже көрсеткен басқа аудан-қалалардың әкімдері мен орынбасарлары да жазаға тартылады», — деді аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов.

Облыс әкімінің мониторинг топтарының жұмысына да көңілі толмайды. Олар 2237 тексеріс өткізіп, 97 тәртіп бұзушылық анықтаған. Топтар Қостанай мен Рудный қалаларында және Сарыкөл мен Әулиекөл аудандарында белсенді жұмыс істеуде. Алайда Алтынсарин, Денисов, Қамысты және Науырзым аудандарында бірде-бір ереже бұзушылық анықталмаған. Бұл жақтағы мониторинг топтарының жұмыстарына аймақ басшысы сенім білдірмей отыр. Ол «Ашық» жобасын іске асыру жұмыстары да айтарлықтай тиімді жүріп жатпағанын сынға алды.

«Меніңше, тиісті деңгейде жұмыс істеліп жатқан жоқ. Сіздерге барлық кәсіпкерді «Ашық» жобасына қатыстыру үшін бір апта уақыт беріледі. Ол жерлерге адамдар барып жатыр емес пе. «Қызыл» немесе «сары» статусы бар адамдар, яғни науқасы бар тұрғындар болуы әбден мүмкін ғой. Бұл жағдайға селсоқ қарайтындар болады емес пе, сондықтан «Ашық» жобасын тезірек аяқтау керек. Екі ай өтті. әлі сағызша созылып келеді», — деді А.Мұхамбетов.

Ол қала мен аудан әкімдеріне ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын барынша күшейтуге кеңес берді. Әсіресе, еңбек ұжымдарына және білім беру саласы қызметкерлеріне жіті назар бөлуді талап етіп отыр. Өйткені жаңа оқу жылында оқушылар мектепке оралатынын ескеру қажет.

«Вакцинация – коронавирусқа қарсы ең басты тосқауыл. Өйткені егер алда-жалда жағдай күрт ушықса, өндіріс тоқтайды. Сол кезде біз қатаң карантин шараларын енгізуге мәжбүр боламыз. Шағын, орта бизнес жұмысы тоқтайды. Тағы да тек кезекші дүкендер және басқалар ғана жұмыс істейтін болады. Бұған жұмысты жүйелі жүргізе алмай отырған жергілікті атқарушы органдардың әрекетсіздігі кінәлі», — деп түйді облыс әкімі. 

Осы жұмада облыс әкімі қол астындағылардан атқарылған жұмыстар туралы есеп күтпек. Аймақ басшысы көрсеткіштердің анағұрлым көңіл көншітерлік, ал вакциналау қарқыны айтарлықтай өсімді болуын талап етіп отыр.