Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Нұржанның әндері асқақтады

Қостанай облысының Тобыл қаласында Нұржан Наушабайұлы атындағы «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» атты ІІ республикалық жыр-терме, дәстүрлі ән орындаушылар байқауы өтті. Оған бас-аяғы 18 жыршы-термеші қатысты.

«Ойға салсаң, Нұржанның көп ақыннан сөзі артық» деп жырлаған өлең сүлейі, тақтақ ақын, дәулескер күйші, сазгер, балуан, Тобыл өңірінің тұғырлы тұлғасы Нұржанның мұрасы -– халықтың асыл қазынасы.

Ақын шығармашылығын әйгілеуге, өміршең туындыларын насихаттауға арналған байқауды облыстық Мәдениет басқармасы ұйымдастырды. Ұлт өнерін жанына серік еткен дарынды өнерпаздар елдің түкпір-түкпірінен жиылды. Алматы, Қызылорда, Ақмола, Семей, Шымкент, Нұр-Сұлтан және Қостанай қалаларынан 18 жыршы-термеші шеберлік сынасуға келді. «Басрлығымызға ортақ жүлде бар. Ол – ұлттық өнеріміздің ұлықталуы, Нұржан Наушабайұлының есімі мен шығармашылығының қастерленуі. Осы олжа бәрімізге құтты болсын.

«Тәуелсіздік бірге не әперді? дегенде ең әуелі ұлттық құндылықтарымыздың, ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің түгенделгенін, небір ұлттық жауһарларымызбен қайта қауышқанымызды айтамыз. Құрметті қатысушылар, елдің әр өңірінен ұлттық мұрамызды ары қарай насихаттаймыз деп ниеттеніп келіп жатқандарыңызға шексіз алғысымызды білдіреміз», – деді облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Байқау шарты бойынша, 18 үміткер екі әннен орындауы тиіс болды. Атап айтқанда, Нұржанның туындысын және дәстүрлі жанрдағы кез келген шығарманы сахнаға алып шықты. Әнші-жыршылар бірінен бірі асады. Тыңдармандардың құлақ құрышы қанып, көңіл құрысы жазылып, ұлт өнерінен суысындаған кеш болды. Байқау қорытындысында бас жүлдені қызылордалық Мәлика Алдамжарова жеңіп алды. 1-орынға елордалық дарын Біржан Айтахметов ие болды. Алматы қаласының намысын қорғаған Жасұлан Өтемұратовқа 2-орын бұйырды. 3-орынды шымкенттік Қылышбек Сынадай мен елордалық Ұлдана Нұртуған бөлісті. Басқа қатысушылар да статуэтка мен ақшалай сыйлықпен марапатталды.

«Өзім Қорқыт ата атындағы университеттің дәстүрлі өнер институтында 4-курста оқимын. Сыр өңірінің намысын қорғауға келдім. Байқауда өңіріміздегі тарихи тұлға Базар атамыздың термесін еркін тақырыпта орындадым. Ал Нұржан Наушабайұлы шығармасын насихаттау бөлігінде ақынның «Тақпақ» атты өлеңін Сырдың мақамына салып айтып шықтым. Негізі, жарыста жыр орындаушылар аз болды. Сондықтан алдағы уақытта жыршылар мен дәстүрлі әншілерге бөлек номинация тағайындалса деген ұсынысым бар. Жалпы, байқау жоғары деңгейде өтті», – дейді байқау жеңімпазы Мәлика Маратқызы.

Айта кету керек, қатысушыларға әйгілі жырау, фольклор зерттеуші Алмасбек Алматов, Е. Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Талғат Молағалиев, айтыскер ақын, жас ғалым Батырлан Сағынтаев, Н. Наушабаев атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрзия Саржан қазылық жасады. Келесі күні қазынакеуде қария, жыр-терме дариясы Алмасбек Алматов өңір өнерпаздарына шеберлік сабағын өткізді.

Дәстүрлі өнерге қатысты көл-көсір тәжірибесімен бөлісіп, жырлардан үзінділер орындап берді. Жиын соңында Тоблы өңіріндегі дәстүрлі ән думанына арнайы келіп, қазылар алқасына төрағалық етіп, ардақты уақытын бөліп шеберлік сағатын өткізген А. Алматовқа облыстық мәдениет басқармасының басшысы Е. Қалмақовтың атынан Алғыс хат табыс етілді.