Ішкі істер министрінің бұйрығымен Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымына полиция подполковнигі Мәжікенов Құрмет Кенжеханұлы тағайындалды, деп хабарлайды Депаратменттің баспасөз қызметі.
Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетов облыстық ПД-ның жеке құрамына жаңа департамент бастығының орынбасарын таныстырды.
Құрмет Мәжікенов ішкі істер органдарында 20 жылдан аса қызмет етіп келеді. Ол ҚР Әділет министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Қостанай заң институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Қостанай облысы ІІББ жедел әрекет ету арнайы жасағының полицейі ретінде бастаған. Рудный қаласы ІІБ-да түрлі лауазымдарда қызмет етті, ал 2016–2019 жылдары облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары болды. 2019 жылдың мамырынан бастап облыстық ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы лауазымында қызмет етті.
Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетов жаңа орынбасарға табысты әрі жемісті жұмыс тіледі.