Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Кезектен тыс сессия өтті

Қостанай облысы мәсли­хатының кезектен тыс сессиясында жергілікті бюджетті нақтылау, кіріс бөлігінің асыра орындалуы негізінде артылған қаражатты бөлу мәселе­лері қаралды.

Өткен жылдан артылған қаражат бірінші қажеттіліктерге бағытталатын болды. Нақтылап айтсақ, энергетика және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық басқармасына 883,9 млн теңге бөлінді.

Бұл сома Қостанай қаласындағы «Батыс» 220/110/10 кВ қосалқы станция құрылысын қаржыландыруға, ауылдар мен қалаларды сумен жабдықтаудың 14 жобасына сметалық құжаттар әзірлеуге, Амангелді ауданына 5 су тарату пунктін орнатуға, Б. Майлин ауданы Юбилейный ауылындағы су құбыры құрылысына құжат дайындауға жұмсалады. Жабдықтар мен техника базасын нығайту үшін полиция департаментіне 409,1 млн теңге, А. Байтұрсынұлының мерейтойына және басқа да іс-шараларды өткізу үшін Мәдениет басқармасына 319,6 млн теңге бөлінді.

Ал Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына тиесілі 112,6 млн теңге Қостанай, Рудный, Тобыл қалалары мен Алтынсарин ауданындағы жобаларға құйылады.

«Білім басқармасына 29,1 млн теңге беріліп отыр. Бұл Меңдіқара ауданы Жангелдин ОМ ғимаратына күрделі жөндеу жүргізуге жұмсалады», – деп атап өтті баяндамашы Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ж. Шаймарданова.

Сондай-ақ, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Науырзым ауданы Шолақсай ауылындағы №10 айналма арнасының су өткізу құбырын жөндеуге 11,2 млн теңге игеретін болды.

Сессияға қатысқан облыс әкімі А. Мұхамбетов халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жоспарланған жобаларды іске асыруға қолдау көрсеткені үшін мәслихат депутаттарына алғыс білдіріп, алда орасан жұмыс күтіп тұрғанын айтты.