Ғазымбек Бірімжан публицистикасы

2 февраля 2022 10:00 • 501 просмотров

ХХ ғасыр басындағы қазақ қалам қайраткерлерінің қай-қайсысы болмасын қазақ мәселесін көтеруде, қазақ мүддесін танытуда айрықша еңбек етті. Солардың ішінде туған ел, жер тарихын бүкпесіз, боямасыз, шынайы жазған, ел мәселесін ашық көтерген, қараша халықтың жақтаушысы, жоқтаушысы болған азаматтардың бірі де бірегейі – Ғазымбек Бірімжан.

Ғазымбек Бірімжанның публицистикасы әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоймаған. Публицистикасының стильдік, жанрлық, идеялық ерекшеліктері мен жаңашылдығы толық зерттеліп, құпиясы ашылды деуге әлі келмейтін бүтін бір әлем.

1920 жылдың 7-желтоқсаннан бастап Ташкентте Түркістан республикасының кіндік басқарма комитеті мен ортақшыл партия кіндік комитетінің атынан «Ақ жол» газеті шыға бастайды. Міржақып Дулатұлының шақыруымен 1920-1922 жыл аралығында «Ақ жол» газетінде жұмыс істейді. Ғазымбек 1908-1918 жыл аралығында Орынбор қаласында оқыған, ал Орынбор шаһарында сол уақытта «Қазақ» газеті шығып тұрған. Демек «Қазақ» газетінің редакторлары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлымен тығыз байланыс жасап, шәкірті есебінде болды десек болады. Сөзімізді публицистің «Ақ жол» газетіндегі «Оқушыларға» атты мақаласымен қуаттай түссек.

«Бізде жалғыз-ақ «Қазақ» газеті неше түрлі өзгеріс, төңкеріске ұшырап тоқтап қалған. «Қазақ» газетінің де үзілместен шығып тұруына себеп болған газетке қанша сөз жазылса да әр жолдың хәріптерін бас-басына өз көзімен қарап өтпесе көңілі көншімейтін, газет шыққан сайын қатыны ұл тапқандай қуанып, ол газетті шығару үшін түн ұйқысын төрт бөліп, бір минут дамыл таппай қара жұмысында өздері істейтін газет жұмысына шын берілген 1-2-ақ кісінің бейнеті еді. Газет жұмысына шынымен берілген адамдардың саны біздің қазақта қай газетте болса да үшеуден артық көрмеген шығар. Басқармаға келіп қана қайтатын газеттегілерден саны көп те болса, сапасы аз болып береке шықпайды. 4-5 жылдан бері шыққан газеттердің оңбай жүргені газет шығаруға лайықты азаматтарымыздың өз орнына қойылмай жүргендігі» («Оқушыларға» мақаласы).

1921-22 жылғы «Ақ жол» газетіне үңілсеңіз, Ғазымбектің оқу-білімнің надандық құрсауына шырмалған қазақ халқына ауадай қажет екенін жанұшыра жазған мақалаларын кезіктіресіз. Публицист 1921 жылдан бастап білім алуға шетелге оқушылар жіберу керектігін айта бастайды. 1921 жылдың №57 санында жарық көрген «Шетке оқушылар жіберу, оқуға жұмылу керек» деген мақаласында:

«Адам баласының қысқа өмірі оқуға һәм оқуда өтеді. Кісі я өзі үйренеді, болмаса біреуді үйретеді. Өмірдің мағынасы, ойлап тұрсақ, осыған келіп тоқтайды. Мектепте үйренген өнер, білімін, тіршілікте кірген үлгілерін ақыл қылып, тоқи беру һәм басқаларға білгенін үйретіп, өнеге беру тірі адамның құтыла алмайтын міндеті тәрізді», – деп айтуы бекерден бекер емес. Шынында адам баласы өзінің алған білімін басқа адамға айтуы парыз, әйтпесе өзі біліп, оқығанын ешкімге айтпай, ішінде сақтай берсе, несі білім? Ал, енді осыны білетін адамның өзін «меніңше, кісі бір пікірді мен білемін деп тұрып, өзі сол пікірді жүзеге шығармаса, істемесе, ол кісіні өтірікші деп білу керек» деп тағы бір сынап өтеді. Сонымен қатар, бұл мақаласында ақылы озған, білімі мол елдердің жеткен жетістіктері мен табыстарын санамалап айтып, қазаққа да осы дәрежеге жету керек деп есептейді. «Біздің қазақтың баласы барса, Лондон, Париж, Берлиннің көшесі ойылып кетпейді» деген қайраткердің өзі де кейін Берлин қаласында білім алған болатын. Мақалада оқыған кісіні «баяғы заманда өткен рим, гректер сияқты халықтардың тарихын білген кісі, көргені көп, сол өткен заманның тарихын өз көзімен көріп, әлі тірі келе жатқан кісі сияқты. Надан адамнан оқыған кісінің өмірі әлде неше есе ұзақ сияқты» деп сипаттап, ары қарайғы ойы «мұнан шығатын мағына, кісінің өмірін тіршілікте өткізген уақыт, жас мөлшеріне қарай емес, оның өмірінің мағынасына қарай, істеп кеткен ісіне қарай шамалау керек. Жазып кеткен кітаптары, істеп кеткен істері, үйретіп кеткен өнер-білімдері өлмеген кісіні өлді деп айтуға бола ма ?!», – қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ойымен үндеседі. Мақаласында шет елге оқушылар жіберген татар, әзірбайжан халықтарын да мысалға келтіреді. Қазақ халқы алысқа шапқанымен, тірелер тұсы  «надандығы» деп, ағарту саласын дамыту керектігін, сондай-ақ ел ішінде төтенше курстар мен мектептер ашу керектігін айтады.

Ғ. Бірімжанның ойы мен идеясы көбіне-көп Абайға келіп тоқтайды. Сондай бір кәсіби біліктілігі мен білімділігін танытатын шығармасы – «Сағаттың шықылдағы емес ермек» мақаласы. Бұл мақала 1922 жылдың №205 санына жарияланған. Мақаланың атауы Абай Құнанбайұлының өлеңінің тақырыбы. Абай өлеңдерінің жолдарын мақала тақырыбы етіп алу осы Ғазымбектен бастау алған емес пе деп бізден бұрын ақын, ыбырайтанушы Серікбай Оспанұлы айтып өткен. Мақала: «Адам баласының бойындағы бір кінәсі жалқау болып бай боламын демек деп қазақ нақылы айтады. Жер жүзіндегі адам баласын бір минуттың ішінде сынап тастап қояйық деген бізде ой жоқ, бірақ тай төбеліндей қазақтың сыры алақанға салғанда жақсылық, жамандықтың бәрін құдайдан күтіп отырған ел. Қазағы түгел оқығандардың көбі де «әр істі аузы айтып, қолы істемейтіндер», мынадай жұмыс болып қалды. «Ал істейік» деген кезде талайлар атының басын тартып кежімдейтін, құрғақ сөзге аузы ерінбейтін, қамқорсығанда қан жұтатын, қара суды теріс ағызатын. Бәріміз де құрғақ білімге жүйрікпіз, қызыл тілге шешенбіз, бірақ қанша ақылды болсақ та сөзден өнген жұмыс жоқ. Біздің құрғақ «пәлсапаға» бай болуымыз, бір сөздің орнына он сөз айтатындығымыз – еңбекке кедей, ми жұмысына жалқау болғандықтан зеңгі бастықтан істің бәріне «нем кетеді» деп кіріскендіктен болса да мүмкін. Мұндай адамдар бізде көп. Бәлкім, бұл біздің жалқаулығымыздың теріс жағы шығар», – деп басталғаннан-ақ Абай идеясымен астасып жатыр. Мақалада ағартушы, ақын Сәбит Дөнентайұлының:

Көрсетіп жол жобаны бастау түгіл,

Табалап, ұрысып, жекіп, жәбірлейсің.

Қабағың қатып бір күн, ашса қарның,

Бас салып сол ұлтыңды өзің жейсің, –

деген өлеңі және қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының:

Сағаттың шықылдағы емес ермек,

Һәмишә өмір өтпек – ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек, –

деген өлеңі берілген. Бұл мақала аштық кезінде жазылған, сол себепті де қазақ азаматтарының намысына тиіп, батырып айтқан тұсы да бар. Мақалада: «Мұның бәрін бізге айттырып отырған өткен тәжірибе, «аттың сыры иесіне белгілі» төре болып, төрде отырып «ит итті жұмсап, ит құйрығын жұмсап» жүрмесе екен. Атақ, абырой алу, дүние көбейту үшін кіріспесе екен. Пәленше «жұрт үшін жанын ортаға салып жүр-ау» – деп айтсын деп кіріспесе екен дейміз. Бұл бізде жұртқа шын жаны ашитын азаматтың аздығын көрсетеді. Қызмет етуді өзінің киімінің ішкі бауындай, бір сырына, мақсатына байланыстырмай жұрт үшін қызмет ету әркімге қасиетті борыш деп санағанда болмаса біз оңбаймыз. Жұрт үшін сөйленген сөзді іске асыруға шынымен тырысқанда болмаса, жалқаулық желкемізден түскенде болмаса, біз тағы оңбаймыз», – дейді. Терең ойлы азаматтың, сыншының мына ойынан «орыстың Белинскийі садаға кетсін» деп өз сөзін өзіне қарата айтсақ та жарасады. Тілшінің ойлары Абайдан бөлек, бастапқы ағартушылардың бірегейі Ыбырай Алтынсариннің ойларымен де тоғысады.

Сол уақыттарда шетелге оқушылар жіберіп, дамыған елдердің ілім-білімін меңгеру керектігі күн тәртібінде тұрған. Алайда шетелден білім алған жастар «бөтен халыққа еріп кетеді» деп қорыққандары да болған. Бірақ шетелде білім алған жастар елде білім алған жастарға қарағанда өз пайдасын анағұрлым көбірек тигізетінін түсінбеуі де мүмкін. Осы тұста бір айта кетерлігі, 1991 жылы егемендік алғаннан кейін экономикамыздың тұрақсыздығына қарамастан 1993 жылы халықаралық «Болашақ» стипендиясы тағайындалған болатын. Қазіргі таңда осы бағдарлама арқылы еліміздің алдыңғы қатарлы, болашағынан үміт күттірер жастары әлемнің ғылым-білімі дамыған елдерінде білім алып жатыр. Ал, осы «Болашақ» бағдарламасы тәрізді мемлекеттік бағдарламамен шетелде білім алған тұңғыш қазақ жастарының бірі Ғазымбек еді. 1923 жылы Берлин қаласынан «Ақ жол» газетінің редакциясына «Білім керек» және «Келешектің түрленуі» атты мақалалар жолдаған. «Келешектің түрленуі» мақаласында шетелге жастарды жібермеу мәселесін көтерген «Келешектегі мақсатымызға» атты мақаланы аямай сынаған. «А.А.» бүркеншік есімімен жазған автордың әр ойына орынды пікір білдіріп, бұлтартпас дәлел келтіріп отырған. «Шетке оқушы жібермеу – өнер-білім керек емес» деп есептеп, әлі күнге дейін шет елге оқушылар жіберілмеу, «тышқаншылығымыздың» кінәсі деп, «тышқандар мен мысық» ертегісін мысал етеді. Мақалаға жазған уәжінде Жапония мен Түркияны үлгі етіп, әсіресе, жас түріктер қозғалысын бастаған Еуропада оқыған жастар екенін тілге тиек етеді. Сондай-ақ, жүз жыл бұрын қазіргі «Болашақ» бағдарламасының кемшін тұсын да айтып кетеді. Ол кемшін тұсымыз – «Болашақ» бағдарламасымен шетелге кеткен қазақ жастарының көбі елге оралмай, сол жақта тұрақтап қалуы еді. Ал қайраткердің мақаласында шетелге: «бағыты түзу, өз басының сенімі, талабы бар аштан өлсе де басын бәйгеге тігіп, қоймай жүріп бір өнер үйреніп қайтатындарды, қазақтығын қанша оқыса да өсірмесе, өшірмейтін алаштың адал ұлдарын жіберу керек», – деп айтады. Осы сөзді дер кезінде іске асырғанда, «Болашақ» стипендиясы о бастан-ақ өзін-өзі ақтар еді.

«Білім керек» мақаласында білім турасында: «Білім – айнала ылғи өмірсіз, бір күндіктердің арасынан жылтырап, жаңа тұтанып келе жатқан мәңгіліктің жалын, шоғын, белгісін адамзатқа білім көзімен көрсетіп, жан тілін береді. Сонымен қоса, күш-қайрат береді. Адамзаттың үстемдігін асырып, табиғатты жеңіп береді. Білім күшейсе, біздің күшіміз де, үстемдігіміз де өседі. Білім өлшеусіз өсуге тиіс!», – дейді. Білімнің құдіретін бұдан артық қалай сипаттауға, суреттеуге болар екен. «Өлшеусіз жалғана беретін мәңгілік білімге» сенетін білімді азаматтың білім туралы ойы осындай ерекше болатын. Бұл пікір – әлі де өзінің өзектілігін жоймаған, құнын жоғалтпаған пікір. Арада ғасыр өткенімен, осы кезге дейін білім бәйгесінде артта қалып, білім күресінде жығылып жүргеніміз жасырын емес. Білім жолында айымыз оңынан туу үшін Ғазымбек айтқандай, «ақылды азайтып, қанды қойылтатын жем мен ұйқыны кемітіп, негізгі мақсаттарға адастырмай тура жеткізетін жолға түсіп білім ізденбек, оқуға салынбақ» керек.

Өз өмірін қазақ елінің жарқын болашағы үшін қиған азаматтың жалғыз аманаты – ел азаматтарының білім мен ғылым жолына түсіп, «қысқа өмірдің бір секундын текке өткізбеу».

Данияр Ихсан, Жас зерттеуші