Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Үздіктер қатарында

Минскідегі «Чижовка-Арена» спорт кешенінде самбо мен жауын­герлік самбодан Беларусь президентінің жүлдесі үшін Еуропаның ашық кубогы өз мәресіне жетті. Бұл жарыста жергілікті балуандардан бөлек, тағы бірқатар мемлекеттің өкілдері күш сы­насты. Солардың арасында Қазақстан өкілдері де болды.

Ерлер арасындағы бәсекеде Нұрдәулет Әйімбетов (58 кило) пен Парасат Жұмабай (64 кило) жүлдегерлер қатарынан көрінді. Екеуі де қола медальды иеленді. Әйелдер сайысында да екі самбошымыз жеңіс тұғырына көтеріл­ді. 57 кило салмақтағы Гүлдана Әлмұхамбетова ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста белоруссиялық Алена Купа­ваның осал тұсын таба алмады. Нәтижесінде, ол күміс медальды иеленді. Ал жартылай финалда ұтыл­ған Маржан Бизақ (59 кило) үшінші орынға табан тіреді.

Жауынгерлік самбодан өткен жарыста Қазақстанның ұлттық құрама командасы мол олжаға кенелді. Біздің жігіттер 1 алтын, 3 күміс және 4 қоланы олжалап, аталған тур­нирдің жалпы есебінде үздіктер санатына қосылды. Әсіресе, Талғат Жиентаевтың өнері ерекше риза етті. +98 кило салмақта күш сы­насқан нар тұлғалы қандасымыз барлық қарсыласын қоғадай жа­пырып, ақтық сынға дейін алқын­бай жетті. Финалда Талғат өзінің командалық әріптесі Константин Рахимовты жеңіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Бір айта кетерлігі, бұл спортшылардың екеуі де Қостанай облысының тумалары.

Константин Рахимовтан бөлек, Еркебұлан Қуанғалиев (58 кило) пен Мәлік Байсұлтанов (64 кило) күміспен күптелді. Финалда олар Ресейдің атақты балуандарынан айлаларын асыра алмады. Атап айтсақ, Мәлік Александр Донцовқа, Еркебұлан Владимир Лимановқа жол берді. Ал Нұркен Домбаев (58 кило), Әділ Асанхан (58 кило), Жарасхан Саматов (71 кило) және Тимур Мукхеев (98 кило) қола медальды мойындарына ілді. Сөйтіп, қорытынды есепте отандастарымыз 1 алтын, 4 күміс және 7 қола медальды еншіледі. 

Минскідегі жарыс кезінде Қазақ­­стан Республикасы самбо және жауын­герлік самбо федера­ция­­сының президенті Айдос Ақжа­нов Халық­аралық самбо федера­ция­сының вице-президенті (FIAS) Сергей Елисеев­пен кездесті. Екі тарап спорттың осы түрін дамыту жолында қан­дай ауқымды шаруалар атқарылып жат­қаны жайында айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ  кездесу барысында А.Ақжанов биылғы Азия чемпионатын Ақтауда және Азия кубогын Нұр-Сұлтанда өткізуге ниетті екенін білдірді.