Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өлең тұрпатты өмір

3 мая 2022 14:22 • 2 322 просмотров

Кез келген ақынды танығың келсе, туған жерін, өскен топырағын көр деген сөз тегін болмаса керек. Ол сол даланың ұланы, сол даланың дүбірлеген думанына бөленіп, шуағын сіңірген, қасиетіне қаныққан, қасіретіне ортақтасқан, қайғысын бөліскен табиғаттың бір бөлшегі емес пе? Адамның бәрі сондай, ал олардың арасында ақыны болса есі кіргеннен әлгі құбылыстардың бәрін ой елегінен өткеріп, сыртқа шығарады, ел игілігіне жаратады.

«Көшелер құрғақ өзен арнасындай,

Қала едің кәрі шуда нар басындай,

Ішіне оқиғаны тиеп-сықап

Тарихтың қойып кеткен арбасындай.

Құм басып иығыңды ер кеудемен,

Көп үйлер көк сағымда көлбеңдеген,

Қартайып, жерге шөгіп жантайысқан

Түріңді аяушы едім көргенде мен»,

дейді Ғафу Қайырбеков өзінің Торғайы туралы. «Рахмет саған, Қостанай, рахмет дария, Тобылым. Ықыласымды тастамай, рахатыңа шомылдым!» дейді және.

Одан өткен азалы, одан өткен қазалы ақын болмаса да солай жырлайды. Өзекке түскен мұң-қайғы, өмір мен өлім арпалысы жанын шырқыратқан сайын ақын жүрегінің осынау іңкәр дүниеге құштарлығы арта түсердей сезіледі. Олай дейтініміз, қазақ өлеңінің қамшы салдырмас жүйрігі, Торғай даласының шу асау арғымағындай Ғафу Қайырбеков өлі мен тірінің арасында ол дүниеге «барып қайтқан» ақын. Оны өзі «Барып қайту яки емхана элегиясында» жырмен өрнектейді. Бала күнінде қорасаннан аман қалғаны туралы да поэмасы бар. «Қорасанға қой айтып, әулиеге мал айтып» аман алып қалған туғандары. Ғафаң әуелі осындай, жастай өліп-тірілген, ажал көзінен, өлім тырнағынан аман қалған ақын. Дүниенің бүткіл азалы-қазалы сұмдықтарын жастай көріп өскен жаны уақыт алдына түсіп алып жыр болып зымырамағанда қайтеді?

Иә, Ғафаңның ақын жүрегі, аяулы сезімдері жанын қоярға жер таппай шырқырап, заулап-заулап уақыттың алдына түсіп кеткендей көрінеді кейде. Оның жекелеген өлеңдерінен гөрі шығармаларын тұтас оқығанда әлгіндей бір сезімдерге жетелейді. Өлім аузында қысылған жаны шыр-шыр етіп зымырап ала жөнеліп, ақыры ажал тырнағынан құтылып, құлашын кеңінен бір сермеп, армансыз көсілгенге ұқсайды. Тұлпар тақілеттес құлан аяқ таланттың тынысының кеңдігі, әсіресе осындай көлемді шығармаларынан анық байқалады. Жыр әлемінде бауырын жазған жүйріктей емін-еркін көсіліп, жүйткіген сайын үдей түседі. Талмайды. Құлашын қалай болсын солай сермейді, табиғаттың өзіндей тұмса жырлар сонысымен құнды, сонысымен бағалы. Көз алдыңда өлең тұрпатты өмірдің өзі бара жатады. Әйтпесе, былай жырлау екінің бірінің қолынан келмейді:

Танадай көзден жас парлап,

Анадай қырдан асқанда-ақ,

Найзағай сынды сабазың

Ағатын еді-ау аспандап.

Жап-жарық әлем мәз болып,

Құлақтан есіп жел-дауыл,

Топылдап түскен тұяққа

Тосатын еді жер бауыр.

Жүрегің қоса жүйткиді

Алғандай байлап қос қанат.

Бүркіттей ұрып кеудеңді

Кетердей бейне тастап-ақ.

Бұл аспан мен жердің арасында ағып келе жатқан арғымақ – Ғафудың өз жаны. Өз екпінінен құлағына жел-дауыл есетін, қоса жүйткіген жүрегі кеудесін қыран бүркіттей ұратын ақынның еркін шабыты. Осының бәрін жинақтап келгенде шайырдың сүйегіне біткен жүйріктік деген жалғыз-ақ ауыз сөзге сыяды.

«Пай, пай, пай, аттың тұяғы-ай,

Секілді жердің тамыры,

Дүрсілдеп соққан сонда бір

Бардай-ау асау қан үні…

Өмірім сондай кіл менің,

Өлеңім сондай кіл менің,

Ылғи бір шауып немесе

Шабысты аңсап жүргенім!»

Құйма тұяқтай құйыла салған ақын шапқанда қанының өзінен үн шығарады. Қанының үні – жанының бөлшегін тұтас тыңдап көрелік онда.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор