Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өңір өнерпаздары марапатталды

4 июня 2022 18:11 • 731 просмотров

Қостанайда мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне арналған гала-концерт өтті. Оған облысқа қарасты барлық қала мен аудан өнерпаздары қатысты. Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов іс-шара барысында мәдениет және өнер қызметкерлерін, үздік кітапхана қызметкерлерін төсбелгілермен, естелік сыйлықтармен, грамоталармен және аймақтың мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін ақшалай қаражатпен марапаттады.

Сондай-ақ, облыстық фестивальдің қорытындысы шығарылды. Жастар сарайы сахнасында облыстың үздік шығармашылық ұжымдары мен солистері өнер көрсетті.

Барлық жетістіктердің артында біздің аймақтың дамуына үлес қосатын нақты адамдар тұр. Оның ішінде мәдениет және өнер қызметкерлері: әртістер, мұражайлар мен кітапханалардың қызметкерлері, мәдениет бөлімдерінің, мәдени-демалыс ұйымдарының мамандары, көркемөнерпаздардың қатысушылары, шығармашылық одақтардың өкілдері – еңбекқор, өз елінің тағдыры үшін терең жауапкершілік сезімі бар азаматтар.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өз сөзінде, мемлекеттік шығармашылық тапсырысты енгізудің арқасында 10 мыңға жуық бала қосымша тегін үйірмелермен қамтылғанын атап өтті. Жыл басынан бері бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 400,0 млн.теңге бағытталды.

— Бүгінде мәдениет пен оның әлеуетінің дамуы көптеген елдердің шешуші басымдықтарына, мемлекет пен қоғам дамуының айшықты көрсеткішіне айналды. Мемлекет басшысы ұлттың рухани өркендеу жолындағы өнердің маңыздылығын атап көрсете отырып, мәдениетке тұрақты мемлекеттік қолдау көрсету қажеттілігін үнемі айтып келеді. Өткен жылы аймақтың мәдениет ошақтарын жөндеуге жарты миллиард теңге жұмсалды. «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында Қарасу ауданының Октябрь ауылдық кітапханасы, Қарабалық ауданының Научный мәдениет үйі жөнделді. Биылғы жылы мәдениет саласын инфрақұрылымдық дамыту жұмыстары жалғасын тапты. Ұзынкөл ауданының Ершов ауылында Мәдениет үйінің құрылысы басталды. Қарабалық ауданы Тоғызақ ауылындағы, Меңдіқара ауданы Михайлов ауылындағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізіледі, Сарыкөл аудандық мәдениет үйінің шатыры қайта жаңғыртылады. Денисов аудандық кітапханасының жөндеуі аяқталады. Торғайдағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың әдеби музейі жөнделіп, реэкспозиция жұмыстары жүргізіледі. Бұған қоса, мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 337,4 млн теңге қаражат көзделген. 2020 жылдан бері Президент Жолдауына сәйкес мәдениет саласының қызметкерлеріне республикалық бюджет есебінен 35% көлемінде үстемеақы төленіп келеді. Биылғы жылдан бастап сала қызметкерлерінің жалақысы тағы да 23%-ға артты. Осы мақсатқа тек қана Қостанай облысының мәдениет қызметкерлері үшін 1,1 млрд теңге қарастырылған, – деді Қостанай облысының басшысы Архимед Мұхамбетов.

Жалпы, биылғы жыл оқиғалар саны мен жетістіктерге толы болды. 2022 жыл облыс үшін маңызды даталармен есте қалды: біздің көрнекті жерлестеріміз Ахмет Байтұрсыновтың, Мұхамеджан Сералиннің туғанына 150 жыл; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері бекітілгеніне 30 жыл; Қазақстанның Қарулы Күштеріне 30 жыл.

Еліміздің ең көне театрларының бірі Қостанай орыс драма театры өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтуде. І. Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры осы маусымды Қырғызстандағы халықаралық байқауда «Үздік шетелдік қойылым» номинациясында жеңіспен бастады.

Ел Президентінің Жарлығымен кәсіби мереке қарсаңында театр және кино әртісі, театр басшысы Әлімхан Мырзаханұлына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Қазақ театры мен облыстық филармония әртістері Дубай қаласындағы ЕХРО халықаралық көрмесінде Қазақстанның мәдени бағдарламасына қатысты.

2021–2022 жылдары облыстық көркемөнерпаздар шығармашылық ұжымдары мен солистер біздің облысты халықаралық, республикалық байқауларда, фестивальдарда лайықты көрсетіп, 169 жүлделі орынға ие болды, оның ішінде 41 Гран-при.

16–21 мамырда өңір өнерпаздары Түркістан қаласындағы «Рухани қазына» мәдениет және өнер саласындағы ұйымдар мен қызметкерлердің республикалық форумында Қостанай облысын лайықты түрде таныстырды.

Дариха Дюсибаева, Л. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының жетекшісі облыстық маңызы бар үздік кітапхана қызметкері болып танылды; «облыстық маңызы бар мәдени-демалыс ұйымының үздік қызметкері» номинациясында – Мұрат Жақсылықұлы Нағашыбай, облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы орталығының және киновидеофондтың әдіскері; «Үздік балалар музей жобасының авторы» номинациясында – Гүлбану Күлетқызы Сәрсекей, «облыстық маңызы бар мәдени-демалыс ұйымының үздік қызметкері» Торғай мұражайларының Жангелдин кешені.

Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Қазақстандағы балалар жылы аясында Мәдениет және өнер ұйымдары балалардың шығармашылық қабілеттерін қолдауға және дамытуға бағытталған түрлі форматтағы жобаларды іске асыруда: «Наурыз достарын шақырады» халықаралық хореографиялық өнер фестивалі, «Алтын микрофон» Халықаралық вокалистер байқауы, «Жас тұлпар» оқушылар айтысы және басқалары.

Балаларды мәдени құндылықтарға тарту және шығармашылық қызметке тарту мемлекеттік мәдени-демалыс ұйымдары, кітапханалар мен мұражайлар жанындағы 996 балалар бірлестігінде де жүзеге асырылады.

Бүгінде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты енгізудің арқасында 10 мыңға жуық бала қосымша тегін үйірмелермен қамтылған. Жыл басынан бері бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 400,0 млн.теңге бағытталды.

Саланың бәсекеге қабілеттілігінің индикаторларының бірі, әрине, көркемөнерпаздар халық шығармашылығының облыстық фестивалі болып табылады. Фестиваль Мәдени-демалыс қызметін дамыту және қолдау бойынша жергілікті атқарушы органдар жұмысының нәтижесін көрсетеді. Биылғы Фестиваль көркемөнерпаздар шығармашылығының 3000-нан астам қатысушысын қамтыды.

Фестивальдің қола жүледсін Рудный және Қостанай ауданының мәдениет қызметкерлері бөлісті (оларға миллион теңгеден сертификаттар берілді). Екінші орында-Аменгелді ауданы мен Арқалық қаласы иеленді (екі миллион теңгеден). Бірінші орынға Федоров ауданы ие болып, 3 млн.теңге қаржылай сыйлық алды.

Мерекені облыстық фестивальдің үздік қатысушыларының гала-концерті жалғастырды.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор