Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Дәуірдің жарық жұлдызы

13 июня 2022 10:05 • 647 просмотров

ХХ ғасырдағы қазақ рухани мәдениетіндегі көшбасшылардың бірі болған Ахмет Байтұрсынұлы – өмірі аңызға, шығармашылығы үлкен маңызға ие болған көрнекті тұлға. Ол өзінің құдай берген талантын туған халқына деген сүйіспеншілікпен, толассыз еңбекпен шыңдаған қайсар да қаһарман ғалым.

Биыл талантты ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Осыған орай 27 мамыр күні Рудный қаласының тілдерді оқыту орталығында өзге ұлт тыңдаушылар арасында «Дәуірдің жарық жұлдызы» атты мәнерлеп оқу байқауы ұйымдастырылды.

Мақсаты – мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт арасында дарынды жастарды анықтау және қолдау, Қазақстандық патриотизмді нығайту, тілдік мәдениетті тәрбиелеу. Байқаудың шарттары бойынша әр қатысушы өзін-өзі таныстыруы, ақынның төл шығармасын мәнерлеп оқуы, Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі, шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беруі керек.

Алдымен тілдерді оқыту орталығында мемлекеттік тілді үйреніп жатқан тыңдаушылар арасында іріктеу жүргізілді. Сыннан сүрінбей өткендері «Дәуірдің жарық жұлдызына» жолдама алды. Олар: Вершинина Дарья Викторовна – Рудный қаласы полиция басқармасы анықтау бөлімінің анықтаушысы, Мусатова Яна Александровна – №9 бастауыш мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Остапчук Наталия Вячеславовна – Рудный көпсалалы ауруханасының дәрігер-зерттеушісі, Калинина Татьяна Александровна – №5 балабақшаның тәрбиешісі.

Өз кезегінде қорытынды сын қатысушылары өнерлерін ортаға салды. Айталық, таныстыру кезеңінде бірі презентация арқылы өзін таныстырса, енді бірі бейнематериал ұсынды. Екінші айналым – мәнерлеп оқу кезеңі. Бұл сын минуттарда қатысушылар қарап қалмады. Дара тұлға Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері, мысалдарынан жыр жолдарын мәнерлеп оқу арқылы ұсынды. Әрине, бұл кезеңде қатысушылардың дыбыстық ерекшеліктерді жеткізуі, сөз мәнін түсініп, оны ұғынып, айта алуы т. б. сараланды.

Сұрақ-жауап айналымында өмірі мен еңбек жолына қатысты қойылған сауалдарға барлық қатысушылар бір кісідей жауап беріп жатты. Бұл ақын тұлғаның тұғыры биік екендігінің көрсеткіші, айқын белгісі екендігін танытты.

Іс-шара қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Жұмакүл Жангужина, Рудный қаласы Тілдерді оқыту орталығының әдіскері