Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Алаяқтың адымын аштырмады

17 июня 2022 12:30 • 476 просмотров

Шымкент қалалық ПД Тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді Абдраманов айтып өткендей, Абай ауданының Полиция басқармасына жергілікті тұрғын өзіне қатысты жасалған алаяқтық туралы арызданған.

Азаматшаның айтуынша, ол ескі жиһазын сату мақсатында ғаламтор желісіне жарнама орналастырған. Жәбірленушіге мобильді мессенджер арқылы белгісіз азамат жиһаз сатып алғысы келетіні туралы жазып, өзі жіберген сілтемеге өтіп, курьерлік жеткізу тапсырысын растауды сұраған. Азаматша жалған сатып алушының берген нұсқауларын орындап, сілтеме арқылы шыққан сайтқа банк картасының реквизиттерін енгізген, артынша оның шотынан белгісіз жағдайда 950 мың теңге шешілген. Ал қаскүнем әйелді мессенджерде бұғаттап тастаған.

— Азаматшаның арызы бойынша полицейлер ҚР ҚК 190-бабымен (Алаяқтық) қылмыстық іс тіркеді. Киберқылмыскерлерді анықтау мақсатында жедел уәкілдер бірқатар іздестіру шараларын жүргізді, нәтижесінде екі жігіт анықталып, тұрғылықты жерінен ұсталды. Тінту кезінде күдіктілерден алты ұялы телефон мен 21 sim-карта тәркіленді, – деді Д. Абдраманов.

Тергеушілер ұсталғандардың осы тәріздес тағы 17 қылмысқа қатысы бар екенін анықтады. Д. Абдраманов алаяқтардың айласына түскен азаматтар бүкіл ел бойынша барын жеткізді. Жәбірленушілердің саны артуы да мүмкін. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.