Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өтініштер қаралды

24 июня 2022 15:37 • 415 просмотров

«Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдап, әр өңірден түскен өтініштерді офлайн және онлайн форматта қарады. Тұрғындар көтерген жеке және жүйелі сипаттағы мәселелерді шешу заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етеді.

Қабылдауда болған Ақмола облысына қарасты Егіндікөл ауылының тұрғыны Светлана Гурбанова сумен жабдықтау кезінде туындап отырған мәселелер туралы айтты. «Су мәселесі бұрыннан шешілмей келеді. Ауылда ұңғыма да, құдық та жоқ, бар үмітіміз тек Нұра каналында. Мұндағы жағдай қиын, аудан жойылудың аз-ақ алдында тұр. Адамдардың көбі бұл жерден көшіп кетпек, сусыз қалай өмір сүреді? Осы мәселе өткен жылы, біз жаз бойы сусыз отырған кезде шегіне жетті. Аптасына 1–2 рет су алып келіп, әр үйге шамамен 200–250 литрден береді. Бірақ барлығында бірдей суды ұзақ уақыт сақтайтын бөшке де жоқ», деді ол.

Бұл сұраққа жауап берген Экология министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров биыл жобалық-сметалық құжаттама әзірленетінін, ал Нұра топтық су құбырын жөндеуге 2023 жылы кірісетіндерін жеткізді. Маңғыстау облысының Оңды ауылынан хабарласқан Басшы Көбентаев та елді мекендегі су мәселесін көтерді.

Батыс Қазақстан облысына қарасты Подстепное ауылының тұрғыны Баян Төлеутаева ауыл балаларының әлі күнге дейін үш ауысымда оқуға мәжбүр екенін алға тартып, жобалық-сметалық құжаттамасы дайын жаңа мектеп құрылысын барынша жылдамдатуды сұрады. «Ауылымыз Оралдан 12 шақырым жерде орналасқан. Халық саны 15 мыңға жетті. Жыл сайын 1-сыныпқа баратын балалардың саны артып келеді», деді ауыл тұрғыны.

Өз кезегінде Қостанай қаласынан келген Айымгүл Ахметова денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істейтін, бірақ медициналық қызметкерлер қатарына кірмейтін тәрбиешілерді педагогтерге теңестіру қажет деп есептейді. Бұл осы саладағы еңбекақы мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді. Ал қазақстандық бірыңғай стоматологтар қауымдастығының президенті Назым Бектұрғанова балалар мен жүкті әйелдерге профилактикалық стоматологиялық қызмет көрсету бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды.

Көкшетау қаласының тұрғыны Фарида Көшенова «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасына жетім балалар санатын қосуды сұрады. Бұған жауап ретінде Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин мұндай өзгерістер Үкімет қаулысымен бекітілгенін, жоба қазір мемлекеттік органдарда келісу сатысында екенін атап өтті.