Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өнегесі көпке үлгі болған аға

29 июля 2022 16:29 • 1 115 просмотров

Сейтов Жандарбек Карбенұлының есімі көпке танымал. Бұл есім қазіргі ағамыз тұрып жатқан Алтынсарин ауданы ғана емес,бүкіл Қостанай облысына танымал десем қателеспейтін сияқтымын. Себебі Жандарбек ағамыз кешегі 20 ғасырдың бел ортасында жастық шағында облыстың Қостанай, Таран аудандарында және Арқалық қаласында қызметтер атқарған болатын.

Алғашқы еңбек жолын Совет Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін жүргізушіліктен бастаған. Одан кейінгі жылдарда Ауылдық кеңес төрағасы, бас агроном, партком хатшысы, совхоз директоры, Таран аудандық партия комитетінің секретары, Қостанай аудандық кеңесінің хатшысы, Алтынсарин аудандық тұтынушылар одағының төрағасы, Алтынсарин ауданы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін абыройлы атқарды. 1973 жылы Қостанай ауылшаруашылығы техникумын «бухгалтер» мамандығы бойынша бітірген. Кейін Алматы ауылшаруашылығы институтында сырттай оқып «экономист» мамандығы бойынша білімін толықтырған.

Соңғы 30 жылдан астам уақытта қазіргі Алтынсарин ауданында мемлекеттік қызметтің әр саласында еңбек етіп зейнеткерлікке шығып, Күләш жеңгей екеуі өздері өсірген балалары мен немерелерінің қызықтарын көруде. Зейнеткерлікте болса да ағамыз бірнеше жыл бойы сол ауданның Ардагерлер кеңесінің төрағасы. Өмірден алған мол тәжірибесін қазіргі заман талабына сай кейінгі жас ұрпаққа жеткізуде ағамыз басқарып отырған ұйымның атқарып жатқан игілікті істері орасан зор деп есептеймін. Себебі, мен өзім де осы ауданда 15 жыл көлемінде жұмыс істедім. Сол уақыттар да ағамыздың үлкендер арасында болсын, жастардың ортасында болсын айтқан ақыл-кеңестерін тыңдап, естіп жүрдік. Кезінде атқарған қызметтерінің пайдасы да болар, әрбір ауылдық округтердегі әлеуметтік-экономикалық мәселелердің нақты түйіндерін тауып, аудан басшыларының алдына қоя білуде өзінің жоғарғы сауаттылығын көрсете білетін.

Кезінде аудан Обаған деп аталған. Сол атауды ұлы ағартушы Ы. Алтынсариннің атына беру жөнінде аудан халқының алдында көптеген ұйымдастырушылық жұмыстарды атқарып, жоғары билікке жеткізіліп шешуде ағамыз бастаған ынталы топтың жұмысының зор болғандығын елдегі қарттардың өз ауыздарынан талай естідім. Кез келген мәселені қазақ және орыс тілінде шешенд ікпен жеткізуде алдына жан салмайтынын облыс көлемінде өткізілген талай жиындарда куә болдық.Сонымен қатар, өзіне тән ақырындап қана айтатын әзіл-қалжыңдарының өзі неге тұрады?! Кез-келген отырыстарда, әсіресе туыс-туғандардың мерекелік дастархандарында, ол кісінің бір-біріне ұқсамайтын бата беруін қанша жаттап алғымыз келсе де, оған жете алмай жүрміз.

Міне, осы әңгіме арқауы болып отырған ағамыз-туысымыз Жандарбек Карбенұлы 85 жасқа, жеңгеміз Күлаш Мүсілімқызы 80 жасқа толып отыр. Осынау жасқа келіп балалары Нақия, Марат, Манат, Ерлан, Динаралардан тараған 9 немерелері мен 2 шөбересінің қызықтарына кенеліп өмір сүруде. Ағамыз бен жеңгеміздің отбасылық өмірі, шынайы махаббаты сыйластығы бір бөлек әңгіме болатындығы шындық.

Жандарбек ағамыздың текті ұрпақтан шыққандығы әр ісінен, әр сөзінен байқалып тұрады. Себебі, әкесі Карбенов Сейт ақсақал Өтеміс әулетінен шыққан бүкіл «қырықмылтық» руының абыройлы мақтанышы, ерекше азаматы. Қостанай облысының өз заманындағы ірі қайраткері. «Бестау» совхозының алғашқы ұйымдастырушысы. Кейін осы совхоздың жер көлемінен 8 жаңа совхоз құрылған. 1956 жылы артта қалған Қарабалық ауданындағы Бөрлі МТС-на директорлыққа жіберіліп, қысқа мерзім ішінде ол шаруашылықты алдыңғы қатарға көтерді. 1957 жылы астықтан мол өнім жинағаны үшін атамыз Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, кеудесіне Ленин орденін қоса тақты. Олай болса, осындай әкенің баласы бола тұра, Жандарбек ағамыздың өз қатарларларының ортасында сыйлы болып, кейінгі ұрпаққа жол көрсетер ардагер болмауға хақысы жоқ қой.

Ағамыздың тағы бір жақсы қасиеті өз туыстары мен құдаларын қатты сыйлайтындығы. Жоғарыда айтқанымдай сол елде қызмет еткен кезімде, ол кісінің отбасына келген қонақтармен жиі бірге болып, талай әңгімелеріне ортақ болдым. Сонда байқағаным, жиын-тойларда әр туысының, құдасының болуын қатты қадағалайтын еді.

Әсіресе Сейітов Естай, Ғабдуллин Мырзағали ағаларының пікірлерімен санасып отыратын.Осындай үлкен ағалардың бір-бірін қатты құрметтеуін көріп, өмірлік өнеге алдым десем де болады.

Ағамыз білгір ұйымдастырушы, ел ағасы, дініміздің, руханиятымыздың жанашыры. 2009 жылы Алла тағала нәсіп етіп Мекке-Мәдинаға қажылыққа барып оралды. Кейінгі жастарға әлі күнге дейін пәтуәлі сөздерімен тәрбие беруде. Өзіне біткен мінезіне сай үй-ішіне, туған- туыстарына үлгі болуда.

Атқарған еңбектерінің жемісі ретінде «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен наградталған. Бүгінгі күнде Алтынсарин ауданының «Құрметті азаматы». Олай болса, бүгінгі мереке иелері ағамыз бен жеңгеміздің отбасына бақыт, өздеріне ұзақ ғұмыр тілейік! Осылай өз ағаларымызды елеп ескерейік, қадірлейік!

Асқарбек Кенжеғарин