Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мәслихат депутаттары облыс әкімін сайлады

Өткен аптада Қостанай облысына ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайлов жұмыс сапарымен келіп, өңір басшысын тағайындады. Ол облыс әкімі лауазымына екі үміткерді ұсынды: Құмар Ақсақалов және Аслан Жаныспаев. 244 мәслихат депутатының 192-сі Құмар Ақсақаловқа дауыс берді.

Ақсақалов Құмар Іргебайұлы 1965 жылы қазіргі Ұзынкөл ауданы, Ленинское ауылында дүниеге келген. 1987 жылы В. П. Горячкин атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы инженерлері институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1987 жылы Қостанай облысы Урицкий ауданындағы Крыловский кеңшарында бастаған. 1998–2002 жылдары Қостанай облысы Меңдіқара ауданының әкімі болды. 2002–2004 жж – Қостанай облысы Таранов ауданының әкімі. 2017 жылғы 14 наурыздан 2022 жылғы 30 қарашаға дейін – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі. 2022 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Қостанай облысының әкімі болып тағайындалды.

«Дауыс беру ашық өтті, депутаттар көпшілік дауыспен Қостанай облысының әкімі лауазымына екі кандидаттың ішінен ең лайықтысын таңдады», – дейді Қостанай облыстық мәслихатының бюджет және экономика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Қырмызы Жаңбыршина. – Облыс басшысы болып Құмар Ақсақалов сайланды. Ол өз бағдарламасын анық және сауатты түрде көрсетті. Өңірлердің даму қарқыны мен оның нәтижелері тек қана арта түседі деп сенеміз. Облысты тәжірибелі басшы, Қостанай облысының тумасы басқаратынына қуаныштымыз. Біздің облыс үздік бестікке енді, көрсеткіштерді одан әрі жақсартып, үздік үштікке кіретінімізге кәміл сенеміз.

— Желтоқсанның 1-інде біз облыс басшысын сайладық, бұрын бізде мұндай таңдау болған жоқ, іс жүзінде келісім, облыс әкімінің бекітуі болған, – деп атап өтті депутат Анатолий Злой. – Өзіңіз үшін таңдау жасай білу өте маңызды. Парламент Мәжілісі, Президент Әкімшілігі – елордада, ал біз Қостанай облысындамыз, біздің өміріміз осында және қазір жүріп жатыр. Қазір бізге екі кандидат берілді, олардың әрқайсысының бағдарламасын тыңдадық. Депутаттар бағдарламасы бүгінгі күннің шындығына көбірек сай келетін кандидатқа дауыс берді.

Облыста орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттары депутаттарының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімі лауазымына тағайындауға келісім беру қағидалары Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 8 маусымдағы Жарлығымен бекітілгенін естеріңізге саламыз.