Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жастарға жұмыс табылады

10 декабря 2022 10:00 • 577 просмотров

Қостанай облысының жастары бас қосып, бүгінгі күндегі өзекті мәселелерді талқылады. Соның бірі – жұмыссыздық. Бұл кездесу өңір әкімдігі жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестің ұйымдастыруымен өтті.

Жиында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алға қойылған мақсат-міндеттер айтылды. Отырыс барысында NEED санатына жататын жұмыссыз жастар үлесін төмендету мәселелері қаралды. Осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар жемісті жүзеге асып жатыр. Қаржыландыру көлемі де арта түскен. Бұл жөнінде облыстық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Абай Дүйсеков баяндап берді.

«Облыста 152 095 жас бар. Бұл – өңірдегі жалпы халық санының 19 пайызы. Аймақта 20 жастар ресурстық орталығы жұмыс ісейді. Олар жұмыссыз жастар мониторингін үздіксіз жасап отырады. Жан-жақты қолдау көрсету тетіктерін іске асырумен айналысады. Биыл жастарға жұмысқа орналасу жөнінде 2456 кеңес беру қызметі көрсетілген. 25 рет бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Жұмыссыз және еш жерде оқымайтын жастарды көбірек қамту үшін облыстық Полиция департаменті мен Спорт және дене шынықтыру басқармасының мүдделестік танытуын сұраймыз», – деді А. Дүйсеков.

Өңірдегі жастар жобасына қызығушылық білдіргендердің Enbek.kz платформасына жүгінулеріне болады.

«Бұл жобалар туралы көп жас білмейді, естімеген. Оған таяуда 350 студенттің қатысуымен өткен кездесуде көз жеткіздік. Басым көпшілігі мұндай мүмкіндіктердің барын алғаш рет естіп-біліп отырғандарын айтты. Насихатты көбейту керек. Бұның оқу орындарының басшылығына да қатысы бар. Ішкі саясат басқармасының өкілдері, сіздер де жұмысты ширата түссеңіздер. Шынымен де «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім-шарты» – жастардың жұмысқа орналасуына кепіл болатын жобалар», – деді Қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев.

Бұдан соң құқық қорғау саласының өкілдері жастар арасындағы есірткіге қарсы күрес бағытында атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Өңірдегі дебатшы жастардың да айтары бар. Олар пікірсайыс қозғалысын дамыта түсу, республикалық деңгейге көтеру үшін қолдау керегін айтты.