Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Еңбекпен қамту жұмысы жалғасады

Облыс әкімдігінде өткен жиналыста Өңірдегі әлеуметтік мәселелер бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Аида Құсайынова баяндап берді.

Оның айтуынша, өткен жылы 45 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, оның 42 мыңы тұрақты және уақытша жұмысқа орналастырылған.

«Халықты кәсіпке оқыту жұмыстары 13 колледж, 6 оқу орталығы және 55 жұмыс беруші орындарда ұйымдастырылды. Аталмыш іс-шара әлеуметтік қорғау басқармасы мен ауылшаруашылық басқармасы және «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылды. Оқуды аяқтағандардың 94,3% тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, 850 адам электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн-форматта сұранысқа ие кәсіпті меңгерді. Кәсіпкерлік бастамаларды дамытуды қолдау шеңберінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1467 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды аяқтады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттарды жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары арасынан 561 адам алды», – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Аида Құсайынова.

Былтыр облыста ұлттық жобаларды іске асыру барысында бизнес субъектілері тарапынан 21,7 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, оның 14,6 мыңы тұрақты жұмысқа алынған. Осы шаралардың барлығы жұмыссыздық деңгейінің артпауына және жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді. Өңірде биыл кемінде 42 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Әсіресе, жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына басымдылық беріліп отыр.

«Өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде кемінде 40 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда, оның ішінде 24 мың адамды жұмыспен қамту орталықтары ағымдағы бос жұмыс орындарына және субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру көзделген. 3,6 мың адам инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында құрылған жұмыс орындарына тартылмақ. Мемлекет Басшысының он мың тұрғынға кемінде жүз жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде 11,4 мың адамды жеке бизнеске тарту үшін сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша 1,5 мыңға жуық адам оқытылады», – деді баяндамашы.

«Бүгінгі таңда облыста халықты жұмыспен қамтуға бағытталған көптеген бағдарламалар мен жобалар іске асырылуда. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамту шараларын іске асыруға үстіміздегі жылы барлығы 3,9 млрд теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 44%-ды құрады. Алайда, мемлекет тарапынан қабылданған барлық шараларға қарамастан, назар аударатын жағдайлар да бар. Мәселен, соңғы он жылда еңбек нарығындағы статистикалық деректерді талдау 8 динамиканы көрсетеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста жұмыспен қамтылған халықтың саны 454 мың адам, ал он жыл бұрын ол көрсеткіш шамамен 511 мың адамды құраған еді. Яғни, 57 мыңға, немесе 11% төмендеді, – деді Қ. Ақсақалов.