Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өңірде өсім бар

6 айдың қорытындысы бойынша барлық бағыттар бойынша экономиканың өсуі қамтамасыз етілді.

Жыл басынан бері облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 1,3 трлн теңгенің өнімін өндірген. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда анағұрлым өсім бар. Өңдеу өнеркәсібінде Қостанай, Рудный қалалары, Қарабалық, Қамысты, Денисов аудандары табысқа жеткен. Бұл туралы әкімдік отырысында қаралды.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов атап өткендей, экономиканың одан әрі өсуі жыл қорытындысы бойынша да қамтамасыз етілетін болады. Ол үшін бизнесті дамытып, жаңа кәсіпорындар ашу қажет.

«Керісінше, Б. Майлин және Жанкелдин аудандарында өндіріс көлемі айтарлықтай қысқарды. Қарасу, Жітіқара, Сарыкөл аудандарында ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару көрсеткіші кеміген», – дейді облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина.

Жыл басынан бері облысқа 219,1 млрд теңге тартылыпты. Өңір экономикасының табысын еселеген өңірлер қатарынан Арқалық, Жітіқара, Қарасу, Әулиекөл және Аманкелді көрініп отыр. Ал көш соңында тағы Бейімбет Майлин ауданы қалып отыр.

«Бұл ауданда темір жолдың күрделі жөндеуіне құйылуы тиіс «ҚТЖ» ҰК» АҚ инвестициясы 5,6 млрд теңгеге қысқарған. Сондай-ақ, «Қостанай-Қарабұтақ» республикалық тас жолын қалпына келтіруге қажетті «ҚазАвтоЖол» АҚ инвестициясы 5,1 млрд теңгеге кеміді. Салдарынан жұмыс та мардымды жүрмей отыр», – деп баяндады басқарма басшысы.

Осындай олқылық Қостанай қаласында да байқалды. Мұнда республикалық бюджеттің қаржыландыруы екі есеге түсіп кеткен. Ал Лисаков қаласында кен орнына машина және құрылғылар сатып алуға «Қазақстан алюминийі» АҚ бөлуі тиіс шығындар қысқарыпты.

Әр саладағы жалпы көрсеткіштерді саралай келгенде, облыс рейтингінің тізімін Қарабалық, Әулиекөл, Қостанай және Амангелді аудандары бастап тұр. Антирейтингке ығысқан аудандардың атауы жария етілді.

«Денисов, Науырзым, Ұзынкөл және Б. Майлин аудандардағы ахуал мәз емес. Бұл өңірлерде жеті көрсеткіштің негізгі үшеуіне қол жеткізілмеген. Олар – өнеркәсіп, құрылыс және сауда-саттық. Алғашқы жартыжылдықта негізгі макроэкономикалық көрсеткіш төмен болуына байланысты, Б. Майлин және Ұзынкөл аудандардың әкімдеріне сөгіс жариялаймын!» – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Сондай-ақ, 4 тамызда облыс орталығында «Kostanay Invest 2023» форумы өтеді. Онда жаңа инвестициялық жобалар таныстырылады. Жобалар биылдан бастап жүзеге асырылады. Жобалар 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.