Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Еңбек адамының еңсесі биік

Бүгінгі кейіпкеріміз – Алмат Нұрмаханов. Түйеші. 30-дан астам түйені Қостанайдың қақаған аязында бағады.

Бұрын кенші болған ол қазір жеке шаруа. Кейіпкеріміз Алматтың балалық шағы Өзбекстандағы Навои облысы, Үшқұдық ауданы, Авангард совхозында өткен. Алмат ағамыздың жары Роза жеңгеміз түйелерді өзі сауып, сүтінен шұбат, құрт, жүнінен көрпе-жастық жасайды.

«Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ қызметкері Алмат Нұрмаханов кеншілер қаласы үшін жаңа істің бастамашысы атанды.

Түйе өсірумен ол туған жері Өзбекстанда айналысқан екен, алайда отыз жыл бұрын Қостанай облысына көшіп келіп, кәсіпорынға жұмысқа тұрады. «Атамекен Қостанай» шағын қаржы ұйымы» ЖШС-ның арқасында сүйікті ісін қолға алуға мүмкіндік туған. Қарызға алған 4 млн теңгесіне Алмат бес түйе мен құрылыс материалдарын, қысқы жем-шөп сатып алады.

«Қазір қыстауға арналған үлкен қора салудамыз. Көктемде өріске айдаймын. Оларды жыл он екі ай саууға болады, бір бастан 3–4 литр шұбат алуға болады. Рудныйда шұбат пен түйе етін қуана сатып алатын жерлестерім жетерлік. Жергілікті тұрғындар да алады, олар қазірден бастап қызығушылық танытуда. Сұраныс болады деп ойлаймын, несиені үш жылдың ішінде жауып тастауды жоспарлап отырмын», – дейді Алмат Нұрмаханов.

Рудный тұрғындарының қала құрушы кәсіпорын қызметіне тәуелділігін азайту – Еуразиялық топтың өңір үшін жаңа шағын несиелік ұйым құруға қатысудағы себептерінің бірі. Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылдың көктемінде ERG, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қостанай облысының әкімдігі арасында тиісті меморандумға қол қойылған еді.

Сегіз інгеннен күніне 40–50 литр шұбат өндіріледі. Іскер азамат жуырда Рудный қаласындағы орталық базардың аумағынан киіз үй тігіп, ұлттық сусындар мен тағамдар сататын этнокафе ашты. Бұл жер аз уақытта шағын қаланың тұрғындарына танымал орынға айналды. Көпшілікті ұлттық сусын мен тағам ғана емес, көшпелі тұрмыстың көрінісі де қызықтырады.

Атажұртқа оралып атакәсіпке ден қойған азамат адам баласы бақытын адал еңбектен ғана табады деп есептейді. Балаларын да осыған баулиды.

— Біз Қазақстанға толық үйренісіп, осы ортаға сіңіп кеттік. Балалар осында туды. Өсті, мектеп бітірді. Жағдай, тұрмыс жақсы. Еңбек етем, кәсіптің түрін ашам деген адамға Үкіметтің көмегі де өте үлкен, – дейді кәсіпкер Алмат Нұрмаханов.

Алмат Нұрмаханов бүгінде ұл-қыз өсіріп отырған үлкен әулеттің отағасы, облысқа танымал сыйлы азаматтардың бірі. Ол атажұртқа оралып, осы жерде тамырын жайып бақуатты тірлік кешуі – Тәуелсіздіктің жемісі деп біледі.

Бақыт ТҰРАШ, суретті түсірген автор