«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында 300-ден астам қатысушыны біріктірген құқықтық марафон өтті
Өңірде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында ауқымды құқықтық марафон өтті. Іс-шараға құқық қорғау және арнайы органдардың, мемлекеттік мекемелердің, бизнес қауымдастық пен медицина ұйымдарының өкілдерінен құралған 12 команда және 300-ден астам қатысушы қатысты.
Марафонның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, құқықтық санасын нығайту және заңға құрметпен қарау көзқарасын қалыптастыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, заңдылықты сақтау әр адамның жеке жауапкершілігінен, тәртібі мен күнделікті іс-әрекетінен басталады.
Іс-шараның ерекшелігі оның зияткерлік әрі командалық форматта өтуінде болды. Қатысушылар заңнама саласындағы білімдерін, өзара іс-қимыл дағдыларын және командамен тиімді жұмыс істеу қабілеттерін көрсетті.
Облыс прокуроры Марат Сексембаев мұндай бастамалардың қоғамдағы құқықтық мәдениетті дамытудағы маңызын атап өтті.
«Мемлекеттік қызметшілер әрдайым қоғамға үлгі болуы тиіс. Сондықтан мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Олар құқықтық мәдениетті арттырып қана қоймай, жеке жауапкершіліктің, заң талаптарын сақтаудың және мемлекет пен азаматтардың мүддесіне адал қызмет етудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Осындай бастамалар азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтып, құқықтық мәдениетті дамытуға және қоғамда заңдылық пен тәртіп қағидаттарын ілгерілетуге ықпал етеді», – деді ол.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар марафонның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және оның практикалық маңызын атап өтті. Осындай алаңдар заңдылық қағидаттарын нығайтуға, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заңға құрмет мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.