Қостанай машина жасау саласы жаңа даму кезеңіне қадам басты

17 июля 2026 20:15 • 364 просмотров

Қазақстан Қытай Халық Республикасымен автомобиль жасау саласындағы ынтымақтастықты кеңейте отырып, автокөлік өнеркәсібін дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты.
Алғаш рет Қытайдан тыс жерде Li Auto бренді автомобильдерінің сериялық өндірісі ұйымдастырылатын болады. Ауқымды жобаны жүзеге асыратын өндірістік алаң ретінде Қостанайдағы Allur автозауыты таңдалды.

Қостанай кәсіпорнының таңдалуы оның өндірістік әлеуетінің, заманауи инфрақұрылымының және халықаралық жобаларды іске асырудағы табысты тәжірибесінің жоғары бағалануының нәтижесі болды. Li Auto өндірісінің іске қосылуы елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға және отандық автомобиль жасау саласын дамытуға маңызды серпін береді.

Li Auto автомобильдерінің басты ерекшелігі – тізбекті гибрид технологиясын қолдануы. Бұл жүйеде негізгі қозғалысты электр жетегі қамтамасыз етеді, ал іштен жанатын қозғалтқыш жүріс қорын ұлғайтуға қызмет етеді. Мұндай шешім электр көлігінің артықшылықтарын ұзақ қашықтыққа еш шектеусіз сапар шегу мүмкіндігімен ұштастырады, бұл Қазақстан жағдайында ерекше өзекті.

Allur зауытының атқарушы директоры Арғұлан Майқонов кәсіпорынның жаңа өндірістік үдерістерді игеруге дайындалып жатқанын атап өтті.

«Li Auto технологиясы Қазақстан үшін өте өзекті. Негізгі қозғалысты электр жетегі қамтамасыз етеді, ал қозғалтқыш жүріс қорын арттырады. Бұл күнделікті электр қуатымен жүруге және сонымен қатар алыс сапарларға ешқандай шектеусіз шығуға мүмкіндік береді. Бұл жоба біз үшін үлкен сын-қатер, өйткені көптеген жаңа технологияларды алғаш рет меңгереміз. Шын мәнінде, біз автомобиль өндірісіндегі технологиялық күрделіліктің жаңа деңгейіне көтеріліп отырмыз», – деді ол.

Жаңа автомобильдерді шығаруға дайындық аясында кәсіпорында заманауи операциялық үдерістер енгізіліп, электрондық жүйелерді баптау мүмкіндіктері кеңейтіледі және жоғары технологиялық компоненттердің сапасын бақылау күшейтіледі.

Жобаны іске асыру өңдеуші өнеркәсіпті дамыту және экономиканы әртараптандыру бағытына толық сәйкес келеді. Қостанай облысында машина жасау ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және қара металлургиямен қатар экономикалық өсімнің негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындалған.

Қостанай облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы бөлімінің басшысы Жаныл Ерментаеваның айтуынша, соңғы жылдары сала тұрақты оң серпін көрсетіп келеді.

«Егер 2022 жылы өңірде төрт ірі машина жасау зауыты жұмыс істесе, соңғы үш жылда тағы бес заманауи өндіріс орны іске қосылды. Олардың қатарында Kia автомобильдерін шығаратын зауыт пен жүк техникасына арналған жетекші көпірлер өндіретін кәсіпорын бар», – деді Жаныл Ерментаева.

Машина жасау кешенінің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде. Жаңа кәсіпорындарда бүгінде үш мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Мамандардың басым бөлігі Қостанай облысының колледждері мен жоғары оқу орындарында даярланған.

Li Auto автомобильдерінің сериялық өндірісінің іске қосылуы отандық автокөлік өнеркәсібі үшін маңызды оқиға ғана емес, сонымен қатар халықаралық серіктестердің Қазақстанның өндірістік әлеуетіне деген сенімінің артып келе жатқанын көрсетеді. Жаңа жоба заманауи технологияларды енгізуге, өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыруға және Қазақстанның Орталық Азиядағы автомобиль жасау орталықтарының бірі ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.