Курс валют
USD 443,62 ₸
EUR 492,24 ₸
RUB 5,36 ₸
CNY 66,53 ₸
Дата курса: 13.11.2026 Источник: НБК

Ұлы ағартушының өшпес мұрасы

12 ноября 2026 8:53 • 51 просмотров

Рудный қаласындағы Мемлекеттік тілдегі кітапхананың ұйымдастыруымен «Жастар» ресурстық орталығында Көрнекті ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай «Халық мұрасы – Ыбырай тағылымы» атты әдеби семинар өткізілді.

Семинардың мақсаты – ұлы ұстаздың бай әдеби, педагогикалық және рухани мұрасын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық сана, адамгершілік, еңбекқорлық пен білімге деген құштарлық қасиеттерін қалыптастыру, сондай-ақ қала ұстаздары, кітапханашылары және білім алушылары арасындағы тәжірибе алмасу алаңын кеңейту. Шараға білім беру саласының өкілдері, ұстаздар қауымы, мектеп оқушылары, колледж студенттері, «Кездесу» клубының мүшелері мен кітапханашылар қатысты.

Әдеби кештің шымылдығын «Алтын домбыра» өнерпаздар тобы «Ер Тұран» күйімен салтанатты түрде ашты. Бұдан соң құттықтау сөз кезегі «Рудный қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» директорының орынбасары Ольга Осиповаға берілді.

Семинар барысында Ыбырай мұрасын зерттеп-зерделеп жүрген белгілі ақын, Ыбырайтанушы Серікбай Оспанов, Рудный қаласы білім бөлімінің № 8 жалпы білім беретін мектебінің директоры, педагогикалық ғылымдар магистрі Қымбат Исланбекқызы Бирманова «Ыбырайдан басталған ұлы жол: ұлттық мектептен – болашақ мектебіне» тақырыбында, Ы. Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-зерттеуші Зибагүл Жұмағалиқызы Жұматаева «Ы. Алтынсарин мұрасы және педагогикалық сабақтастық: Ы. Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің тарихи шежіресі мен заманауи дамуы» тақырыбында, сондай-ақ кітапханашы Нұрсәуле Темірханқызы «Ыбырай Алтынсарин мұрасы-ұрпак тәрбиесінің негізі» атты баяндамаларын ортаға салады. Шараның ажарын кіргізіп, сәнін келтірген жас өрендердің өнері болды. М. Дулатов атындағы мектеп оқушылары ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін тебірене мәнерлеп оқып, көрермен жүрегінен жол тапса, № 8 «Келешек» мектебінің оқушылары «Білімге бастар ақ жол» атты әсерлі сахналық көріністі көрермен назарына ұсынып, жиналған қауымның ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.

Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқының ұлы ағартушысы, педагог, жазушы және қоғам қайраткері. Ол 1841 жылы дүниеге келген. Өзінің бүкіл өмірін қазақ халқының білім алуына, сауаттылығын арттыруға және жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған.

Ыбырай Алтынсариннің ең үлкен еңбектерінің бірі – қазақ балаларына арнап мектептер ашуы. 1864 жылы Торғай қаласында алғашқы мектептердің бірін ашып, балаларды білімге шақырды. Ол білімді ел болудың басты жолы деп түсінді. Сонымен қатар қыз балалардың да білім алуына ерекше көңіл бөліп, 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебінің ашылуына ықпал етті.

1879 жылы Ыбырай Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығын жарыққа шығарды. Бұл кітапқа балаларға арналған өлеңдер, әңгімелер мен тәрбиелік шығармалар енгізілді. Оның «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңдері жастарды оқуға, білімге және өнерге ұмтылуға үндейді.

Сонымен қатар ол «Әке мен бала», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Таза бұлақ», «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» сияқты тәрбиелік мәні зор әңгімелер жазды. Бұл шығармалар арқылы балаларды адалдыққа, еңбекқорлыққа, мейірімділікке және адамгершілікке тәрбиеледі.

Ыбырай Алтынсариннің еңбегі қазақ халқының тарихында ерекше орын алады. Ол білім беру саласының дамуына жол ашып, болашақ ұрпаққа өшпес мұра қалдырды. Оның шығармалары мен ағартушылық идеялары бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ.

Кештің қадірлі қонағы – Ы. Алтынсарин Торғайда ашқан мектептің түлегі, кейін оны басқарған ұлағатты ұстаз, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері Рашила Каленова болды. Ардақты ардагер тағылымды естеліктерімен бөлісіп, жиналған қауымға жүрекжарды ақ тілегін арнады.

Іс-шара соңында белсене қатысқан қонақтар мен баяндамашыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар табысталып, қазақы дәстүрге сай «Орамал тон болмайды, жол болады» деп, арнайы келген ақын ағамыз Серікбай Оспанұлының иығына зор құрметпен зерделі шапан жабылды.

Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Келiңiздер, балалар, оқылық!» деген ұраны арада ғасырдан астам уақыт өтсе де өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Бұл салтанатты семинар – ұлт ұстазының өшпес мұрасына көрсетілген зор құрмет пен ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болды. Ағартушы салған даңғыл жол – бүгінгі білімді де саналы жастардың келешекке бастар алтын көпірі болып қала бермек.

Уалиева Гулбараш, Рудныйдың қаласындағы мемлекеттік тілдегі кітапхананың меңгерушісі