Арқалық қаласында телекоммуникация саласын дамыту және байланыс қызметтерінің сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаладағы байланыс нысандары жаңартылып, мобильді желінің қамту аумағы кеңейтіліп, талшықты-оптикалық желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастамалар тұрғындардың сапалы байланыс пен жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Алдымен байланыс саласындағы негізгі нысандарды жаңарту жұмыстарына тоқталсақ. «Қазақтелеком» АҚ ғимаратында ішкі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Бұл мақсатқа 34,8 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта ғимараттың сыртқы қасбетін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жобаның жалпы құны — 101,4 млн теңге. Айта кетейік, нысанда бұған дейін күрделі жөндеу жүргізілмеген.
Сонымен қатар «Қазпошта» АҚ ғимаратының сыртқы келбеті де жаңартылды. Қасбетті сырлау жұмыстарына 5 млн теңге жұмсалды. Ал «Қазтелерадио» АҚ телемұнарасын жаңарту жұмыстары аяқталды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен нысанды сырлауға 28 млн теңге бөлінді. Телемұнара соңғы рет 2002 жылы жаңартылған болатын.
Қалада мобильді байланыстың сапасын жақсарту да басым бағыттардың бірі болып отыр. Өткен жылдың басында Арқалықта 9 антенна-діңгек құрылысы болса, биыл «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Altel, Tele2, асtiv, Kcell) қосымша 10 нысан орнатты. Бұдан бөлек, тағы екі базалық станцияның құрылысы жүргізілуде. Аталған жұмыстар мобильді интернеттің сапасын жақсартып, байланыс желісінің қамту аумағын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі — Арқалық әуежайы маңында антенна-діңгек құрылысын салу. Жоба «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-нің 58 млн теңге көлеміндегі демеушілік қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Нәтижесінде әуежай аумағы мен оған іргелес жерлерде мобильді байланыс сапасы жақсарды.
Тіркелген байланыс желілерін жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен іске асырылуда. «Қазақтелеком» АҚ жүзеге асырып жатқан «Тазарту» жобасы аясында абоненттер ескірген ADSL технологиясынан заманауи GPON талшықты-оптикалық желісіне көшірілуде. Жоспарға сәйкес 122 көпқабатты тұрғын үйді қосу көзделген. Бүгінгі таңда оның 46-сында жұмыс аяқталған.
Интернеттің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Арқалық қаласына қарасты 11 ауылдық елді мекенге дейін талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылуда. Қазіргі уақытта 6 ауылдағы 11 мемлекеттік мекеме интернет желісіне қосылған. Бұл ауылдық аумақтарда цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың заманауи технологияларды пайдалану мүмкіндігін кеңейтеді.
Жалпы, Арқалық қаласында жүзеге асырылып жатқан жобалар байланыс инфрақұрылымын кешенді түрде жаңғыртуға мүмкіндік беріп отыр. Қалалық және ауылдық аумақтардағы телекоммуникация желілерін дамыту, мобильді байланысты жақсарту және жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті кеңейту — тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар.
Қостанай облысы әкімдігінің
ақпараттандыру, мемлекеттік
қызметтер көрсету және
архивтер басқармасының
баспасөз қызметі